• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

01 Қараша, 05:04:00
Алматы
+12°

18 Сәуір, 2015 NEWS

БЕС ЖЫЛДА ӨЗГЕРМЕГЕН 3 МИЛЛИАРД (ШОЛУ)

Сонымен ол үш жылдан соң  Қазақстанға қайта келді.  Бұл жолы Түркияның премьер-министрі  емес,  Президенті ретінде келді  Ердоған.  Қазақ елінің президенті...

Сонымен ол үш жылдан соң  Қазақстанға қайта келді.  Бұл жолы Түркияның премьер-министрі  емес,  Президенті ретінде келді  Ердоған.  Қазақ елінің президенті Нұрсұлтан Әбішұлымен жолықты, жоғары деңгейдегі бірқатар кездесулер  өткізді екі жат.  Біраз құжаттарға да қол қойылды.  Қазақстан мен Түркияның  арасындағы сауда  айналымының көлемін 10 млрд   долларға жеткізу   тағы айтылды.  Бірақ, бес  жыл бұрын да, 2012 жылы  осындай әңгіме айтылғанын, өзгерген ештеңенің  болмағандығын ешкім айтпады.

Рас,  Қазақстанның тәуелсіздігін әлемде   бірінші  болып таныған ел  Түркия.  Анадолы түріктері тек Қазақстанға ғана емес,  күллі Орталық Азия елдеріне,  түркі  жұртына тәуір көңіл  бөлетін.  Марқұм  Тұрғыт Өзал  түбі  бір  жұрттың  бір-біріне қарайласа  жүруін қатты қалаған-ды. Кейін,  барыс-келіс, алыс-беріс тәуір жанданған  болатын. Екі-жақты келіссөздер талай жасалған, обалы қанекей түріктер  Қазақ еліне  әжептәуір мөлшерде  инвестиция салған.  Бірақ, Орталық Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасты  тереңдете түсу ресми Анкара  үшін   стратегиялық тұрғыда аса маңызды  бағыттардың  бірі саналмайтын сияқты. «Түркі  бірлігі»   жөніндегі әңгімелер де  біз үшін маңызды  болғанымен, Түркия  үшін екінші, бәлкім үшінші, төртінші  орындарда қалған мәселе. Маңыздылығы жағынан әрине. Өйткені, Түркияның  сыртқы саясатында  Өзалдың,  Демирелдің  заманындағыдай Орталық Азияға, Қазақстанға  бағытталған  жоспарлар   байқалмайды  қазір. Керісінше,  Таяу Шығыс пен Еуропа, Ресей мен Украина маңызды олар үшін.

Жалпы,  соңғы жылдары Түркияның сыртқы саясатының  Таяу Шығысқа бағытталғанын  сарапшылар  жиі айтады. Дегенмен, Анкара үшін Еуропалық одақпен қарым-қатынас ешқашан   маңызын  жоймақ емес. Режеп Тайып Ердоған Еуропаға, батыс елдеріне қарата анда-санда  мәлімдеме жасап  қойғанымен, іс жүзінде Түркия бәрібір де Еуропа елдерінен алыстамайды. Түркияның шетелдермен сауда-саттық, экономикалық байланыстарының  басым  бөлігі Еуропаға бағытталған.  Өйткені, Анкараның Еуропалық одаққа  мүше  болып кіруге деген  үміті әлі өшкен жоқ. Еуропаның  стандарттарына   ұмтылу  басым Түркияда.  Ал,  Таяу Шығыс пен  ислам әлеміне қатысты ұстанымдарына келсек Ердоғанның неосмандық  көзқарасы  бар. Яғни,  бұрыңғы Осман  империясының  құрамына кірген  елдерге «ағалық ақыл айтып»  отырғысы келеді. Әрі  Таяу Шығыстың    мұнайы мен газын  өз территориясы арқылы  өткізіп,  Еуропаға сатса да, өздері қолданса да  пайдаға кенелулері керек.  Сонымен бірге, Түркия ислам әлемінде көшбасшы болуға ұмтылып келеді. Түрлі  саяси ойындарға  баратыны, астыртын әрекеттер ұйымдастыратыны да содан. Бір сөзбен айтқанда  Түркия республикасының 100 жылдығы тойланатын 2023 жылы бұл ел аймақтағы ең беделді, ең қуатты, дамыған мемлекет болу  жолында  барын салып жатыр. Табыстары да аз емес. Алайда, 1991 жылы  Орталық Азия өңіріндегі  туыстарын іздеп, бауырға басқысы келген Түркия қазір «түркі  бірлігіне»   басқаша  көзқараспен қарайды. Әсіресе, Режеп тайып Ердоған билікке келген соң бұл көзқарас  тіптен өзгерген. «Түркі әлемі» қазір   Ердоған үшін аса маңызды жоба емес. Анкара  іргеде  отырған  Әзербайжан мен  іс жүзінде Түркияның бір аймағы тәріздес Солтүстік  Кипр  түрік республикасына ғана өзге түркі мемлекеттеріне қарағанда тәуір көзқарас ұстанады. Ал, қалған түркі мемлекеттеріне  ондай жылы қабақ таныта қоймайды. Шамасы, «іні»  болуға көнбеген  қыпшақтар мен  қарлұқтардың ұрпақтарына іштей өкпелі шығар. Әлде, «бабаларымды Сыр мен Әмудың  бойынан ығыстырған сендер едіңдер, енді оғызға өздерің кіріптар боласыңдар» дей ме екен?! Әйтеуір,   Түркияда  бұрыңғыдай Орталық Азия десе алып-ұшқан көңіл жоқ. Ресми  билігінде әрине. Әйтпесе,  халықта жазық  болмаса керек.

Бәлкім, біздің  бұл айтқандарымыз түркі  бірлігін аңсайтындарға  ұнай  қоймауы да мүмкін. Алайда, Түркияның өзге елдермен  сауда-экономикалық қарым-қатынастарына назар аударсақ, мәселенің мән жайы  бірден аңғарылады. Әдетте, «бауырым, бауырым» десіп  бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп жататын Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы соңғы бес жылда өзгерген де  жоқ. Өзгерсе де мардымсыз ғана өсу  болды. Мәселен, 2010 жылы екі жақ тауар айналым көлемінің  3 млдр   доллардан асқанын айтып, мәз  болысқан. Ал, 2012 жылы бұл көрсеткіш 3,4  млрд доллар  болыпты.  Биыл да сол 3,4-3,5 млрд доллар  көлемінде  қалғанын байқадық.  Ердоған да, Назарбаев та солай десті. Сөйте  тұра, екі елдің арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға жеткіземіз деп жүргенімізге, 10  болмаса да,  кемі  5 жыл  болды. Өзгеріс қайда сонда? Әлгі, тығыз қарым-қатынасымыз қайда? Бұл сауалдарға жауап беру оңай емес әрине. Өйткені, Қазақстан мен Түркияның арасындағы қарым-қатынас біз ойлағандай емес.  Түріктердің бағыты басқа, біздің жолымыз бөлек  болып тұр қазір. Ең қызығы,  бауырлас екі елдің  өзара тауар айналымын 10 млрд  доллардан да асырып жіберуге де толық  мүмкіндіктері бар.  Алайда, ресми Анкара да, Астана да  осы 10  млрд-тан асатын мөлшер айтып көрген емес. Күні  бүгінге  дейін.  Ал,  Ердоған Иранға  барған сапарында Түркия мен  Иран арасындағы тауар айналымы  мөлшерін 2016 жылы 30 млрд  доллар қылатындықтарын айтты. Бұл көрсеткіш 2000 жылы 1 млрд доллар болса,  2014 жылы 13,7 млрд  болған. Сөйте  тұра  түріктер мен парсылар айналасы  бір жылдың ішінде,  яғни 2016 жылы өзара тауар айналымын  бақандай  2,5 есеге өсіруді  көздейді.  Сонымен бірге, ресми Анкара  Ресеймен тауар айналымын 2023 жылы 100 млрд  долларға дейін өсіруді  мақсат етіп  жатыр. Қазіргі көлемі 32 млрд доллардан асады. 8 жылда  бұл көрсеткіш тіпті 3 еседен астам өсуі керек екен.  Қызық ә?! Тағы бір дерек Украинаға қатысты  болып тұр. Түріктер Украинамен  тауар айналымын 2014 жылы 6 млрд долларға жеткізді. 2004 жылы бұл көрсеткіш 1,3 млрд еді. Ал, 2017 жылы өзара тауар айналымын 10 млрд долларға,  2023 жылы 20 млрд долларға жеткізу керектігін айтқан Ердоған. Сонымен бірге, Ердоған  билікке келгелі бері  Түркия мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 14 есе өсіп, 5 млрд долларға жеткен. Қазір  бұл көлемді 14 млрд-қа жеткізу айтылып жүр.  Қысқасы, Түркия сауда-экономикалық  байланыстарда  Орталық Азия  бағытынан  гөрі Кавказ, Қаратеңіз, Таяу Шығыс, Жерорта  теңізі аймақтары мен  Еуропаға бағытталған саясат ұстанып  келеді. Демек,  Ердоғанның осы жолғы сапары  іс жүзінде «ескі-құсқыны еске түсіріп» қоюдан әріге  бармайтын сияқты.  Рас, 800 млн долларлық келісім-шарт жасалды. 7  министрін ертіп келді Ердоған.  Бірақ,  бәрібір елді елең еткізетін  келіссөздер  байқамадық. Әдеттегідей, сауда-саттық, құрылыс,  жеңіл өнеркәсіп  сынды  мәселелер қарастырылған тәрізді. Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін түріктердің байқамай  отырғандығы да таң қалдырады.

Аманкелді Құрметұлы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір